
Образование
14.05.2025
Оқушылар сарайында тәрбие бөлімінің іс-шаралар бойынша жылдық жоспарына сәйкес, үйірмелердің «Үйірмеден үйренерім көп менің..» атты жылдық есеп беру іс-шарасы аясында «Дәстүрлі ән» және «Домбыра» үйірмелерінің есептік іс-шарасы өтті.
«Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» тақырыбында өткен іс-шарада үйірме оқушылары домбырада асқақтата ән салып, күмбірлете күй төкті.
Қазақ халқының біздің дәуірімізге дейін сақталып қалған асыл мұрасы – ән мен күй өнері. Өзінің көңіл-күйі мен арманын, қоғамға деген көзқарасын домбыраның қос ішегі арқылы жеткізе білді. Суыр салма ақындар мен бармағынан бал тамған күйшілер арқылы бізге жеткен назды әндер, ғажайып күйлер халқымыздың музыка мұрасы ғана емес, мәдени байлығы, рухани азығы болып табылады.
Іс-шарада үйірме оқушыларының орындауында «Еркем-ай», «Ақерке» сынды халық әндерімен қатар, Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем, Қазақстан», Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ», Б.Ғизатовтың «Біз өмірдің гүліміз» әндерін әуелете шырқап, «Жастар биі», «Нәр ағашы», «Тепең көк» күйлерін нақышына келтіре орындаса, домбырашылар ансамблі «Бала наз» күйімен қара домбыраға жан бітірді.
«Дәстүрлі ән» үйірмесінің жетекшісі Култораева Айнұр Дүйсенғалиқызы және «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі Бекқожа Айгерім Қалдыбекқызы оқушылардың аспапта ойнау шеберліктерін, қабілеттерін дамытып, өнерге баулып келеді.





